Зерттеу барысында біз фискалдық деректер операторының (ФДО) мәліметтерін қолданып, оны күнделікті "шудан" (дәріханалар, құрылыс материалдары, азық-түлік) тазартып, тек мерекелік санаттарды бөліп алдық.
Бұл ретте қарапайым күндердегі (1-6 ақпан), мереке алдындағы (7-13 ақпан) және мереке күніндегі (14 ақпан) шығындар салыстырылды. Нәтижесінде 14 ақпан жақындаған сайын сауда құрылымының айтарлықтай өзгеретіні анықталды. Мереке қарсаңында дайындыққа қатысты санаттардың үлесі артады: косметика дүкендеріндегі шығындар жалпы сауда құрылымында 2,87%-дан 4,07%-ға дейін өседі.
Ал 14 ақпан – Ғашықтар күнінде сыйлық санаттарына қарай күрт ауысу байқалады: мысалы, гүлдерге жұмсалатын шығын қарапайым күндердегі 0,82%-дан 4,74%-ға дейін өседі. Осы тұста дәмханалар мен мейрамханаларға (HoReCa) және электроника сатып алуға жұмсалатын шығындардың үлесі 33,79%-дан 38,40%-ға дейін артады. Яғни, мерекелік шығындардың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктерге емес, бірге уақыт өткізуге немесе қымбат заттар сатып алуға жұмсалады. Дегенмен, ең қызықты жаңалық – дәл 14 ақпан күні үй жануарларына арналған азық санатының 0,26%-дан 2,54%-ға дейін өсу үрдісінің байқалуы. Сондықтан Қазақстанда Әулие Валентин күнін кім көбірек асыға күтетіні белгісіз: иелері ме, әлде олардың үй жануарлары ма.

2021 жылдан 2025 жылға дейін HoReCa (қонақжайлылық және қоғамдық тамақтандыру индустриясы) сегментіндегі орташа чек осы мереке кезінде айтарлықтай өсіп, 6 652 теңгеден 14 036 теңгеге дейін жетті. Бұл ретте 2024 жылы негізгі өсім мереке қарсаңына тура келді: 10–13 ақпан аралығында 12 931 теңге болса, 14-і күні 9 806 теңге болды, яғни шығындар алдын ала қызып, ал 14 ақпан күні төмендеу болды. Бұның себебі қарапайым: 2024 жылы Ғашықтар күні жұмыс аптасының ортасына, сәрсенбіге сәйкес келді.
2025 жылы жағдай басқаша: жоғары деңгей 14 ақпанда да (жұма, жұмыс аптасының соңы), одан кейін де сақталды. Сонымен қатар, былтыр 14 ақпаннан кейінгі демалыс күндері мерекеден кейінгі орташа чек 14 596 теңгеге жетіп, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды. Жалпы алғанда, HoReCa сегментінде осы мерекеге жұмсалатын шығындардың медианалық баға негізіндегі орташа жылдық өсімі 4 жыл ішінде 9,2%-ды құрады.

Әулие Валентин күнінің тағы бір "міндетті" сегменті – кинотеатрлардағы орташа чек динамикасы 14 ақпан төңірегінде апта күнінің әсерін айқын көрсетеді: мерекелік дүмпу нақты бір күнге байланбаған және қолайлы күнге оңай ауысады. 2021 жылы 14 ақпанда (жексенбі) орташа чек базалық деңгейден жоғары болды: 5 227 теңгеге қарсы 7 095 теңге, бірақ 14 ақпан дүйсенбіге түскен 2022 жылы, мереке күні орташа чек 3 051 теңгеге дейін күрт төмендеді, ал мереке қарсаңында ол жоғары деңгейде – 6 542 теңге болып қалды. 2024 жылы максималды орташа чек 14 ақпанда (6 748 теңге) емес, бейсенбі, 15 ақпанға (8 654 теңге) тура келді, бұл келушілер мен сауданың анағұрлым ыңғайлы күнге ауысуымен сәйкес келеді. Медианалық чектер бірқалыпты өзгереді, сондықтан орташа чектің негізгі құбылмалылығы аптаның әртүрлі күндеріндегі қымбат сауда үлесінің өзгеру нәтижесі сияқты көрінеді.

Гүлдер бойынша мерекелік әсер ең тұрақты және ең жаппай сипатқа ие: 14 ақпандағы медианалық чек жыл сайын қарапайым күндерге және мереке алдындағы кезеңге қарағанда жоғары, яғни қымбаттау тек сирек кездесетін қымбат заттарға ғана емес, чектердің көпшілігіне әсер етеді. Мереке күніндегі медиана 2021 жылы 3 780 теңгеден 2025 жылы 15 275 теңгеге дейін өсті, ал осы кезеңде қарапайым күндермен салыстырғанда гүл шоғы бағасының айырмашылығы 781 теңгеден 8 445 теңгеге дейін ұлғайды. Мереке қарсаңында өсім бар, бірақ айтарлықтай әлсіз: 2025 жылы медиана 6 830 теңгеге қарсы 7 452 теңгені құрады, ал мереке күні ол екі еседен астам жоғары болды. Дегенмен, 14 ақпандағы гүл шоғының медианалық бағасының орташа жылдық өсімі жылына шамамен 41,8%-ды құрайды, ал орташа чек қымбат гүл шоқтары мен сатып алудың әртүрлі сценарийлеріне байланысты қатты құбылмалы.

Осылайша, 2021–2025 жылдары қазақстандықтардың 14 ақпандағы шығындары барынша "сыйлықтық" сипатқа ие болды және сценарийлері бойынша әртүрлі бағыт алды: бұл кезеңдегі сауда құрылымы гүлдер мен басқа да мерекелік заттарға ауысады, HoReCa-да чектің өсуі және сұраныстың бір бөлігінің мерекеге дейінгі немесе мерекеден кейінгі күндерге ауысуы байқалады, ал кинода апта күні негізгі факторға айналады, сол себепті ең жоғарғы көрсеткіш нақты датадан көршілес күндерге оңай ауысып отырады. Ең тұрақты және жаппай өсім гүлдерден көрінеді: 14 ақпандағы медианалық чек 3 780 теңгеден 15 275 теңгеге дейін өсті, яғни тек премиум-сегмент қана емес, сауданың көп бөлігі қымбаттайды. Бұл 14 ақпанды гүл бөлімдері үшін жылдың басты "қауырт" күндерінің біріне және 8 наурыз алдындағы өзіндік "дайындыққа" айналдырады.
Ваша заявка успешно отправлена.
Что дальше?
На указанную вами электронную почту будет направлен доступ к демо-версии для ознакомления с нашим Продуктом.