Мадина Баймуханова
Head of Data
Жекеменшік медицинаны бір санмен сипаттау қиын. Стоматология, зертханалық зерттеулер, дәрігерлердің қабылдауы, медициналық байқаулар және пластикалық хирургия төлем жиілігі, қызмет құны және ұйымдардың құрылымы бойынша айтарлықтай ерекшеленеді.
Иесіздендірілген кассалық деректер бұл айырмашылықтарды іс жүзінде төленген қызметтер арқылы көруге мүмкіндік береді. Бұл зерттеуде біз 2024–2025 жылдардағы жекеменшік медициналық ұйымдардың чектерін қарастырып, бірнеше бағытты төлемдер саны, медианалық чек, маусымдылық және ұйымдар арасындағы ағынның бөлінуі бойынша салыстырдық.
Зерттеу Қазақстанның бүкіл жекеменшік медицинасын қамтымайды. Оның нәтижелері тек қолжетімді кассалық деректерден бөліп көрсетуге мүмкін болған ұйымдарға ғана қатысты.
Таңдама қалай қалыптасты
Медициналық ұйымдар ЭҚЖЖ (ОКЭД) және кассалық чектердегі қызмет атаулары негізінде БСН (БИН) бойынша іріктелді. Бастапқы тізімнен мемлекеттік мекемелер, шипажайлар, медициналық шығын материалдарын сатушылар және мамандығын анықтау мүмкін болмаған ұйымдар алынып тасталды.
Қорытынды таңдамаға келесі бағыттар кірді:
Ерекшеліктерден кейін анықтамалықта 1 227 БСН қалды. Талдауға 2 406 сауда нүктесі арқылы өткізілген 24,45 млн чек кірді.
Орташа мәндер сирек кездесетін аномалды ірі транзакцияларға сезімтал болып шықты, сондықтан салыстырудың негізгі көрсеткіштері медианалар болды.
Іріктелген ұйымдардың жартысынан көбі стоматологияға тиесілі
Зерттелетін таңдамадағы ең көп топ стоматологиялар болды. Деректерде 644 стоматологиялық БСН немесе талдауға енген ұйымдардың 52,5%-ы ұсынылған.
Екінші орында көпбейінді клиникалар: 284 БСН немесе таңдаманың 23,1%-ы. Диагностикалық орталықтар мен зертханалар тағы 155 БСН немесе 12,6% құрайды.
Қалған бағыттар ұйымдардың айтарлықтай аз санымен ұсынылған:

Мұндай бөліністі Қазақстандағы бүкіл жекеменшік медицинаның құрылымы ретінде түсіндіруге болмайды. Дереккөздің қамту толықтығы бағыттар мен өңірлер арасында ерекшеленуі мүмкін.
Стоматологиялар көп, бірақ олардың чектер ағыны төмен
Ұсынылған ұйымдардың саны олардың жұмыс қарқындылығын көрсетпейді. Бағыттарды салыстыру үшін біз айына бір белсенді ұйымға келетін чектердің медианалық санын есептедік.
Ең жоғары көрсеткіш диагностикалық орталықтар мен зертханаларда байқалады: айына бір белсенді БСН-ге 640 чек. Одан кейін 611 чекпен мамандандырылған клиникалар және 596 чекпен медициналық емшараларға жатқызылған ұйымдар келеді.
Көпбейінді клиникаларда медианалық мән айына 417 чекті, медициналық байқау орталықтарында 359 чекті құрайды.
Стоматологияларда, олардың сандық басымдылығына қарамастан, медианалық ағын айтарлықтай төмен: айына белсенді ұйымға 51 чек. Пластикалық хирургия және косметологияда бұл көрсеткіш 90 чекті құрады.

Айырмашылық қызметтердің сипатына байланысты болуы мүмкін. Бір зертханалық пункт көптеген қысқа операцияларды жүргізе алады, ал стоматологиялық емдеу немесе косметологиялық емшара әдетте көбірек уақытты қажет етеді.
Бұл ретте чекті тікелей қабылдауға (келуге) теңестіруге болмайды. Бір чекте бірнеше талдау немесе емшара болуы мүмкін, ал емдеу курсының төлемі бірнеше операцияға бөлінуі мүмкін.
Ең жоғары типтік чек пластикалық хирургия мен косметологияда байқалады
Әрбір БСН үшін чектердің жеке медианасы есептелді, содан кейін бағыт ішіндегі осы мәндердің медианасы анықталды. Мұндай көрсеткіш жеке сатып алуды емес, әр топтағы типтік ұйымды сипаттайды.
Ең жоғары типтік медианалық чек пластикалық хирургия мен косметологияда байқалады: 30 мың теңге.
Стоматологияда ол 18 мың теңгені құрайды. Одан әрі:

Бағыт ішіндегі барлық жеке чектердің медианасы әдетте типтік ұйымның медианасынан төмен. Мысалы, стоматологияда барлық чектердің медианасы 12 мың теңгені құрайды, ал ұйымдардың жеке көрсеткіштерінің медианасы 18 мың теңгеге жетеді.
Айырмашылық ұйымдардың әртүрлі көлеміне байланысты туындайды. Ірі ұйымдар көбірек чектер жасайды және барлық операциялар бойынша есептелген көрсеткішке күштірек әсер етеді. БСН-дердің жеке медианалары арқылы есептеу бұл әсерді азайтады және типтік ұйымдарды салыстыруға мүмкіндік береді.
Негізгі бағыттарда айқын маусымдылық байқалмады
Дереккөздегі ұйымдардың құрамы өзгеруі мүмкін: кейбір БСН деректерде пайда болады, басқалары чектерді беруді тоқтатады. Таңдама құрамының өзгеруін маусымдылық деп қабылдамау үшін, ай сайынғы динамика 24 айдың кемінде 20 айында белсенді болған ұйымдар бойынша ғана есептелді.
Бұл шартқа 1 048 БСН немесе чектері бар ұйымдардың 85,4%-ы сәйкес келді.
Белсенді ұйымға келетін чектердің медианалық санының ауытқуы қалыпты болып шықты:
Стоматологияда ең жоғары мән 2024 жылдың сәуірінде байқалды: белсенді БСН-ге 64 чек. Ең төменгі мән 2025 жылдың наурызына сәйкес келді және 46 чекті құрады. Көпбейінді клиникаларда максимум да 2024 жылдың сәуіріне келді: 507 чек. Минимум 2025 жылдың мамырында тіркелді: 400 чек. Диагностика мен зертханаларда ең жоғары көрсеткіш 2025 жылдың сәуірінде байқалды: 853 чек. Ең төменгі көрсеткіш 2024 жылдың мамырына келді: 606 чек.

Бұл өзгерістерді сырқаттанушылықпен, ауа райымен немесе емделушілердің мінез-құлықтарымен автоматты түрде байланыстыруға болмайды. Чек деректері төлем фактісін көрсетеді, бірақ жүгіну себебін қамтымайды.
Негізгі нәтиже мынада: бағыттар арасындағы айырмашылықтар стоматологиялар, көпбейінді клиникалар және диагностикалық ұйымдар ішіндегі ай сайынғы ауытқулардан айтарлықтай үлкен.
Емшара кабинеттерінде чектер ағыны төмендеді
Медициналық емшаралар тобында жеке динамика байқалады. Оған чектерінде инъекциялар, тамызғыштар, физиоемдеу және басқа да медициналық манипуляциялар көрсетілген ұйымдар кіреді.
Кемінде 20 ай белсенді болған осы бағыттағы 30 БСН-нің 23-інде 2025 жылғы чектердің медианалық айлық саны 2024 жылмен салыстырғанда төмен болып шықты. Медианалық өзгеріс минус 12%-ды құрады.
Бұл зерттеліп отырған таңдамадағы төмендеу бір немесе екі ірі БСН-мен байланысты емес екенін білдіреді. Ол бағыттың тұрақты жұмыс істейтін ұйымдарының көпшілігін қамтыды.
Кассалық деректер бойынша бұл өзгерістің себебін анықтау мүмкін емес. Ол сұраныспен де, салық заңнамасының өзгеруімен де немесе чекте көрсетілмейтін басқа да факторлармен байланысты болуы мүмкін.
Деректерде өңірлердің ұсынылуы ерекшеленеді
Іріктелген ұйымдардың ең көп саны Алматыға тиесілі: 389 БСН. Астанада 132 БСН, Шығыс Қазақстан облысында 117, Қарағанды облысында 94 ұсынылған.
Қалған өңірлерде таңдамадағы ұйымдар саны төмен:

Бұл мәндер өңірдегі жекеменшік клиникалардың жалпы санын көрсетпейді. Олар тек қолжетімді дереккөзден табылған және зерттелетін таңдамаға енгізілген ұйымдарды ғана көрсетеді.
Кемінде он БСН ұсынылған өңірлердің ішінде медианалық чек 4 690-нан 10 мың теңгеге дейін өзгереді.
Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында байқалады: 10 мың теңге. Астана мен Батыс Қазақстан облысында медианалық чек 9 мың теңгені құрайды. Қарастырылып отырған өңірлер арасында ең төменгі мән Алматы облысында тіркелді: 4 690 теңге.

Өңірлік айырмашылықтар міндетті түрде бірдей қызметтер бағасының айырмашылығын білдірмейді. Нәтижеге бағыттардың құрамы, ірі және шағын ұйымдардың арақатынасы және чектерде көрсетілген қызметтер жиынтығы әсер етеді.
Бір бағыт ішіндегі ұйымдар ауқымы бойынша қатты ерекшеленеді
Тіпті бір мамандықтағы ұйымдардың чектер ағыны әртүрлі болады.
Стоматологияларда екі жыл ішіндегі чектердің медианалық саны бір БСН-ге 1 030 құрайды. Ұйымдардың төрттен бірінде бұл көрсеткіш 391-ден аспайды, ал жоғарғы төрттен бірінде 2 911 чектен басталады.
Көпбейінді клиникаларда медиана 8 404 чекті құрайды, алайда бірінші және үшінші квартильдер арасындағы ауқым 2 025-тен 27 406 чекке дейін созылады.
Диагностика мен зертханаларда медиана 13 507 чекке, мамандандырылған клиникаларда 12 545, медициналық емшара ұйымдарында 14 314-ке жетеді.
Чектердің айтарлықтай бөлігі ең белсенді ұйымдардың аздаған санына тиесілі. Жоғарғы 10% БСН қалыптастырады:

Сөз бүкіл нарықтың шоғырлануы туралы емес, зерттелетін таңдама ішіндегі чектердің шоғырлануы туралы болып отыр. Алайда, қолда бар деректер шегінде де бағытты сипаттау үшін бір орташа көрсеткіш жеткіліксіз екені көрінеді. Қатарлас шағын кабинеттер мен ондаған мың чектер ағыны бар ұйымдар жұмыс істейді.
Медициналық ұйымдарда нақты не үшін төлейді
Қызметтер құрамын талдау үшін кассалық позициялардың атаулары негізгі сөздер бойынша ірілендірілген топтарға біріктірілді.
Позициялардың шамамен 64,6%-ын мазмұндық санаттар бойынша бөлуге мүмкіндік туды. Қалған 35,4%-ы «басқалар» тобына түсті. Сондықтан бұл бөлімнің нәтижелері жалпы бағыттарды көрсетеді, бірақ медициналық қызметтердің толық құрылымын емес.
Диагностикалық орталықтар мен зертханаларда позициялардың 62,8%-ы зертханалық зерттеулерге жатады. Басқа танылған санаттар айтарлықтай аз үлесті алады: МРТ және КТ 1,6%-ды, УДЗ және дәрігерлердің қабылдауы 1,1%-дан құрайды.
Көпбейінді клиникаларда құрылым әртүрлірек:
Стоматологияда ең үлкен танылған топ стоматологиялық диагностика болды: позициялардың 39,9%-ы. Стоматологиялық емдеуге 6,4%, рентгенге 4,8%, хирургиялық стоматологияға 3,7% тиесілі.

Медициналық емшаралар бағытында бөлініс аралас болып шықты. Дерегерлердің қабылдауы позициялардың 13,9%-ын, зертханалық зерттеулер 12,8%-ын, емшаралар мен инъекциялар 12,3%-ын, УДЗ 8%-ын құрайды.
Мамандандырылған клиникалар, медициналық байқаулар, пластикалық хирургия және косметология үшін танылмаған позициялардың үлесі 40%-дан асады. Сондықтан олардың қызметтерінің құрамы туралы егжей-тегжейлі қорытынды жасауға әлі ерте.
38 көз клиникасы мен оптика БСН-ін жеке тексеру 2025 жылдың қазан-желтоқсан айларында медициналық қызметтер позициялардың 28,5%-ын, оптикалық тауарлар 18,2%-ын құрағанын көрсетті.
Позициялар сомасы бойынша медициналық қызметтер 29%, оптикалық тауарлар 16,4%, басқа позициялар 54,5% құрады. Демек, мамандандырылған клиникалардың көрсеткіштері тек медициналық қызметтерді ғана емес, сонымен қатар бөлшек сауданы да қамтуы мүмкін.
Кассалық деректерден нені көруге болады
Зерттелетін таңдама жекеменшік амбулаториялық медицина бағыттарының арасындағы бірнеше айырмашылықты көрсетеді.
Стоматологиялар ең көп БСН санымен ұсынылған, бірақ типтік стоматологияның айлық чектер ағыны салыстырмалы түрде аз. Диагностикалық орталықтар мен зертханалар, керісінше, ұйымдардың аз санымен ұсынылған, бірақ бір белсенді БСН-ге көбірек кассалық операциялар жүргізеді.
Пластикалық хирургия және косметология жоғары медианалық чекпен және операциялардың аз ағынымен ерекшеленеді. Медициналық байқаулар екінші полюсте орналасқан: олардың типтік чегі төмен, ал бір ұйымға келетін операциялар саны жоғары.
Әр бағыттың ішінде ұйымдар арасында ауқымы бойынша айтарлықтай алшақтық бар. Әсіресе чектердің жоғары шоғырлануы көпбейінді клиникалар мен стоматологиялар арасында байқалады.
Стоматологияларда, көпбейінді клиникаларда және диагностикалық ұйымдарда чектер ағыны екі жыл бойы салыстырмалы түрде тұрақты болды. Медициналық емшаралар бағытында, керісінше, 2025 жылы тұрақты белсенді БСН-дердің көпшілігінде төмендеу байқалды.
Кассалық деректер салалық тізілімді алмастырмайды және жекеменшік медицинаның барлық көлемін бағалауға мүмкіндік бермейді. Олардың құндылығы басқада: олар нақты төлемдерді көрсетеді және бағыттарды бірыңғай әдістеме бойынша салыстыруға мүмкіндік береді.
Зерттеудің шектеулері
Дереккөз: 2024–2025 жылдардағы иесіздендірілген кассалық деректер негізіндегі автордың есептеулері.
Материалдарды пайдалану кезінде saudata.kz дереккөзіне сілтеме жасау міндетті.
Ваша заявка успешно отправлена.
Что дальше?
На указанную вами электронную почту будет направлен доступ к демо-версии для ознакомления с нашим Продуктом.